Қазақстан Республикасының мемлекеттiк елтаңбасы
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк гербi, елтаңба – Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттік рәмiздерiнiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәмiздерi туралы” конституциялық заң күші бар Жарлығымен (24.1.1996) белгіленген.
Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемлекеттік гербiнiң негiзi – шаңырақ. Ол – гербтің жүрегі.
Шаңырақ – мемлекеттің түп-негiзi – отбасының бейнесі. Шаңырақ – Күн шеңбері. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суреті iспеттi, Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың, отбасының бейнесі. Тұлпар – дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрік аты, жеңіске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар – қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне.
Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпі. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесі. Бiр шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүретін Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесін паш етеді. Бес бұрышты жұлдыз гербтің тәжі iспеттi. Әрбір адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік гербтің авторлары – Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов.